2026 жылдың 27 қаңтар күні бөбекжайымызда консультациялық пункт жоспарына сәйкес «Күлкімен өткен әрбір күн – баланың эмоционалдық жағдайы» тақырыбында ата-аналарға арналған тренинг өткізілді.
Іс-шараны мектепке дейінгі ұйымның педагог-психологы ұйымдастырып, тренингтің негізгі мақсаты – ата-аналардың баланың эмоционалдық жағдайына назар аударуын арттыру, балаға деген қарым-қатынасын күнделікті өмір жағдайында қайта қарауға мүмкіндік беру, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністікті нығайту болды.
Тренинг барысында ата-аналарға баланың күлкісі мен мінез-құлқы әрқашан оның ішкі күйін толық көрсете бермейтіні, баланың эмоциясын байқауда ересектердің сөздері, әрекеті мен көңіл күйінің маңызы зор екені практикалық тапсырмалар арқылы жеткізілді. Теориялық түсіндіруден гөрі, ата-аналардың өздері ойланып, сезінуіне бағытталған қағазбен орындалатын жұмыстар ұйымдастырылды.
Тренинг құрылымы бірнеше бөлімнен тұрды.
«Баламды басқаша көр» тапсырмасында ата-аналар баласын тәртібі немесе мінезі арқылы емес, күнделікті өмірдегі нақты жағдайлар арқылы сипаттап, баланың эмоциялық күйін еске түсірді. Бұл тапсырма ата-аналарға баланың ішкі әлеміне назар аударуға мүмкіндік берді.
«Балаша ойлап көр» бөлімінде ата-аналар өздерін бала орнына қойып, ересектердің сөздері мен қарым-қатынасының балаға қалай әсер ететінін сезінуге тырысты. Ата-аналар бұл тапсырма барысында баланың сезімі мен қажеттілігін түсінудің маңызын ұғынды.
«Шындық пен әдет» тапсырмасы арқылы ата-аналар баламен күнделікті қарым-қатынасындағы өз әрекеттеріне шынайы баға беріп, балаға бөлінетін уақыт пен назардың жеткіліктілігі туралы ой қозғады.
Тренингтің соңғы бөлімінде «Бір сұрақ – бір ашылу» тапсырмасы ұсынылып, ата-аналар баламен күнделікті қарым-қатынасты жақсартуға көмектесетін қарапайым, бірақ маңызды сұрақтарды таңдады. Сонымен қатар қатысушылар бір сөйлем арқылы тренингтен алған әсерін қорытындылап, баласы туралы жаңа ой түйгенін жазды.
Кеңес соңында кері байланыс жүргізіліп, ата-аналар тренингтің қызықты әрі пайдалы өткенін, ұсынылған тапсырмалардың ой салғанын және алдағы уақытта баламен қарым-қатынаста эмоциялық жақындыққа көбірек көңіл бөлетіндерін атап өтті.
Аталған тренинг ата-аналардың педагогикалық мәдениетін арттыруға, бала мен ата-ана арасындағы жылы, сенімді қарым-қатынасты қалыптастыруға оң ықпал етті.


KZ
